×

Мемлекет фермерлік жылыжайлардың электр және газ шығындарын өтейді

Бұл шешім бизнес өкілдерінің ұсынысымен қарастырылып жатыр

 Динара Амантай 21.06.2023 | 15:44
Фото: АШМ баспасөз қызметі

Жылыжай шаруашылықтарының маусымаралық кезеңінде электр энергиясы мен газ шығындары субсидияланатын болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл шешім бизнес өкілдерінің ұсынысымен қарастырылып жатыр.

Бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологияларды сақтайтын жылыжайларды қолдау мақсатында субсидия алудың негізгі талабы ретінде өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының болуы қарастырылады. Ұлттық стандарт 2023 жылдың 1 мамырында бекітіліп, күшіне енді.

Қазір АШМ әкімдіктердің қаулысымен бекітілген субсидиялар нормалары бойынша 1 гектар шығыстарды өтеуді көздейтін субсидиялау қағидаларына тиісті өзгерістер әзірледі. АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҚазҒЗИ-да жабық топырақта көкөніс өндіру шығындарының ғылыми есептеулері жүргізілді. Олар бойынша орташа көрсеткіштер есептелінеді.

Осылайша, өндірістік жылыжайлар ғана емес, өндіріс стандарттарына сәйкес келетін фермерлік кешендер де осы бағыт бойынша субсидиялауға құқылы болады.

Бұйрықтың жобасы келісімге жіберілді. Жақын арада оны бекіту жоспарланып отыр.

Айта кетсек, аталған қолдау шараларынан бөлек, қазақстандық жылыжайшылар тыңайтқыштарды (органикалық заттарды қоспағанда), пестицидтерді, биоагенттерді (энтомофагтарды) және биоагентті, сондай-ақ суармалы суды, қияр мен қызанақ тұқымын сатып алуға субсидия алуға үміткер бола алады.

Сонымен қатар жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25% өтеу қарастырылған. Нәтижелерді ұлғайту үшін қазір нормативті 30%  дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1 мың 225 гектар алаңда жабық топырақ құрылыстары жұмыс істеді. Оның 219 гектары өнеркәсіптік жылыжай және 1 мың 6 гектары – фермерлік жер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама