Қазір мердігерлік ұйымдар қалған жұмыстармен айналысып жатыр
Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығының монтаждау бойынша негізгі жұмыстары істелініп, гидравликалық сынақтар мен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Pavlodarnews.kz-тің хабарлауынша, «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС келесі жылыту маусымына дайындық аясында станцияда барлық қазандық агрегаттарын жөндеу жоспарланған. Атап айтқанда № 6, 7, 8, 11, 12, 13, 14, 15 нөмірлі сегіз қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізу және № 5, 9 екі қазандықта күнделікті жөндеу жүргізілетін болады. Оның ішіндегі жетінші және тоғызыншы қазандық агрегаттарында жөндеу жұмыстары аяқталды.
«Экибастузтеплоэнерго» ЖШС-нің мәліметіне қарағанда, Екібастұз ЖЭО-дағы жетінші қазандықты күрделі жөндеуі кезінде қыздыру беттері, иірмекті қожды кетіргіштер, үрлеу желдеткіші, редукторлар, тамшытұтқы мен эмульгатор құйындағыштары, диірмен роторлары толығымен ауыстырылды. Қазандықтың оқшаулауы мен қаптамасы, газ құбырлары, ауа өткізгіштер және тағы басқа жабдықтар қалпына келтірілді. Осыдан кейін қазандық агрегаты резервке қойылады.
Ал №9 агрегатын жөндеу кезінде оттық қаптауы, қаптама қалпына келтіріліп, газ жолының қуыстығы жойылды, үрлеу желдеткіші жөнделіп, диірмендер тексерілді.
Қазір мердігерлік ұйымдар қалған қазандықтарды жөндеуге кірісті. Жылыту маусымы басталғанға дейін жалпы станциялық жылыту, өрт сөндіру құбырларын, мазут құбырларын, бу құбырларын ішінара ауыстыру жоспарланып отыр, – деп хабарлады «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС.
Бүгінгі күні жөндеу жұмыстары жоспарланған кестеге сәйкес мерзімде жүргізілуде.
Бұл жұмыстар қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, жабдықтардың жұмысын барынша сенімді, тиімді етіп, қала тұрғындарын жылумен жабдықтау сапасын жақсартады.