Енді теннисші ширек финалға шығу үшін хорватиялық Донна Векичпен кездеседі
Әлемнің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Берлин қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты.
Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 139-орында тұрған, іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, 20 жастағы ресейлік спортшы Полина Кудерметовамен кездесті.
Бірінші партияда есеп 5:4 болған кезде Елена брейк жасады. Бірінші сет осылай 6:4 есебімен аяқталды.
Екінші сетте Рыбакина 3:0 есебімен алға шықты. Сосын ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді. Сөйтіп, қорытынды есеп 6:4, 6:2 болды.
Матч бір сағаттан астам уақытқа созылды. Осы уақытта Елена Рыбакина 9 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Осы жерде айта кететін бір нәрсе, Полина Кудерметованың әпкесі, әлемнің 13-ракеткасы Вероника Кудерметова да Берлинде өтіп жатқан турнирге қатысып жатыр.
Енді Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен кездеседі.