Ұшқыр бәйге һәм Royal Ascot: Лондонда әлем көз тіккен ат бәйгесі басталды

Ербол Тұрымбет

Royal Ascot корольдік бәйгесінің тарихы 1711 жылдан басталады

PHOTO: ascot.com, GETTY IMAGES

Бүгін Лондонда әлем көз тіккен Royal Ascot 2023 ат бәйгесі басталды. Жыл сайын жарты миллионға жуық көрермен тамашалайтын дәстүрлі додаға Ұлыбритания корольдік отбасының барлық мүшесі қатысады.

Бұл бәйгенің ерекшелігі көп. Жарысты тамашалауға келгендер киімге қатысты талаптарды (дресс-код) қатаң сақтауы керек. Тіпті, 2018 жылдан бастар ерлерге шұлық киіп келу туралы талап қойды. Бұл талапты орындамаған ерлер жарысты тамашалау мүмкіндігінен қағылуы мүмкін.

Жарыс үнемі аптаның сейсенбі күні басталады. Ұлыбританиядағы жаздың ең басты іс-шараларының бірі саналатын додаға сол елден ғана емес, басқа елдерден де келіп қатысатындар көп.

Жалпы, Royal Ascot корольдік бәйгесінің тарихы 1711 жылдан басталады. Осыдан үш ғасыр бұрын Ұлыбритания патшайымы Анна Уиндзор қамалының маңынан жазық жерді көзі шалып қалып, сол Ист-Коут ауданын бәйге өтетін орын ретінде жариялаған.

Бүгінде мұнда бәйгенің бірнеше түрі өтеді. Соның ішіндегі тегіс жерде шабатын бәйге жарыстың ең танымал түрі болып саналады. Өздері оны «flat» деп атайды. Аскот ипподромы бәйгенің сол түріне арнап салынған. Бүгінге дейін ипподромның доға тәрізді қалпы өзгермеген. Оны үнемі күтіп ұстайтын бағбандар бар. Қашықтығы 1200 метрден 2400 метрге дейін барады. Ал оған қатысатын тұлпарларға бірқатар талап қойылады: белгілі бір жас айырмашылығы мен тиісті санатқа сай болуы керек.

Royal Ascot тарихындағы ең атақты шабандоз – Лестер Пигготт (жокей). Ол корольдік бәйгеде 116 рет ат оздырып, жарыс шежіресінде атын қалдырған. Жалпы, Лестер Пигготт 1952-1993 жылдар аралығында бәйгеде 4493 рет жеңіске жеткен екен. Сол үшін жұртшылық оны «Лонгфелло» деп атап кеткен.

Айта кетейік, Ұлыбританияда өтіп жатқан әлемге мәшһүр ат бәйгесіне ұқсас дода – ұшқыр бәйге Қазақстанда да өтеді. 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай Алматы облысы Талғар ауданындағы Қобыланды батыр атындағы ипподромында ұшқыр бәйгеден Qazaq World Cup турнирі өтті.

Мұнда бәйге жеңімпаздарын Кубок және қомақты жүлделермен марапаттаумен қатар, көрермен арасында да жүлделер ойнатылғанын атап өтуіміз керек. Мәселен, «Ең үздік ұлттық киім», арқан тарту, қыз қуу, асық ату сынды ойындар ұлттық спорт жарысының көрігін одан сайын кіргізді.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов осы бәйгеге ел арасында қызығушылық артып, жалпыхалықтық сипат ала бастағанын айтты.

Одан бөлек, ұшқыр бәйгені танымал жокей, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Бауыржан Мырзабаев та қазір әлемге танытып, Чехия мен Германия, Жапониядағы жарыстарда жеңімпаз атанып үлгерді. Қазір қазақстандық жокей Франциядағы ең үздік жаттықтырушыдан тәлім алып жүр.

фото: Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов және танымал жокей Бауыржан Мырзабаев

Бауыржан Мырзабаев 1992 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданына қарасты Шұбар ауылында дүниеге келген.

2009 жылы Чехияда 3 жылдық жокейлер мектебіне түсті. 2012 жылы кәсіби шабандоз лицензиясын алып, Чехияда 35 бәйгенің жеңімпазы атанды.

Сонымен бірге, әлемде ең қызу бәйгелер өтетін Жапония чемпионаттарының бірнеше мәрте чемпионы атанды.

2015 жылы Қазақстан атынан ұшқыр бәйгеден Еуропа чемпионатына қатысып, бас жүлдені иеленді.

2017 жылдан бері Германияда тұрып жатыр. Сол елде 100-ден астам бәйгенің жеңімпазы атанып, неміс тарихында бұрын соңды болмаған рекорд орнатты.