Ол 7 компания атынан жалған бухгалтерлік құжаттар жасаған
Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қарағанды облысында 7 компанияның атынан жалған шот-фактураларды шығару фактісі бойынша Н.Кожемякинаға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
2018-2020 жылдары Н.Кожемякина басқа тұлғамен қылмыстық сөз байласып, мүліктік пайда алу мақсатында 7 кәсіпорынды – «Read Oilers» ЖШС, «Гамма Проект» ЖШС, «Стройфирма Астэр» ЖШС, «ЖОҒАРЫ ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, «ВИЗУВИЙ» ЖШС, «Восток 98» ЖШС, «Меридиан 2020» ЖШС сатып алып, басқа тұлғалардың атына тіркеген.
Сосын осы кәсіпорындардың атынан көрінеу жалған мәліметтері бар бухгалтерлік құжаттар жазылған. Контрагент-компаниялармен жасалған мәмілелер шеңберінде қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін Н.Кожемякина мәміленің жалпы сомасының 3% мөлшерінде сыйақы алған.
Қылмыстық әрекеттің нәтижесінде мемлекетке 280 миллион теңгеден астам мөлшерде залал келтірілді. Н. Кожемякина сотталды.