Пациенттердің барлығы сәуірде бірнеше бөлімшелерде медициналық көмек алған
Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада АИТВ жұқтыруға оқиғасына қатысты 593 адам тексерілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, эпидемиологиялық ахуалдың мониторингі кезінде Алматы қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында емделіп жатқан АИТВ-ның оң нәтижесі бар 3 пациентті анықтаған.
Құрамына Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті орталық аппараты, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен олардың аумақтық бөлімшелерінің мамандары, сондай-ақ бейінді мамандар енгізілген комиссия 14 маусымнан бастап осы оқиғаны тексеруді бастады.
Тексеруде пациенттердің бағыты белгіленіп, Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемі мен сапасы және пациенттер емдеуге жатқызылған бөлімшелерде медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың профилактикасы бойынша инфекциялық бақылаудың сақталу мониторингі бағаланады.
Тексеру кезінде барлық пациенттер биыл сәуірде аталған емхананың бірнеше бөлімшелерінде медициналық көмек алғаны анықталды. Қазір пациенттердің маршрутын ескере отырып, байланыс шеңбері белгіленіп жатыр.
Бүгінде 593 байланыста болған адамнан АИТВ-ға тексеру үшін материал алынып, оның 419-ы теріс нәтиже берді. 174 адамның анализі тексеріліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігі істерді тексеру барысын ерекше бақылауда ұстайтынын және бұл туралы жұртшылықты үнемі хабардар етіп отыратынын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы орталық клиникалық ауруханада науқастар АИТВ жұқтырғанын хабарлаған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният АИТВ жұқтырған науқастарға қатысты пікір білдіріп, комитеттің ең үздік мамандары Алматыға жіберілгенін айтқан.