Қаңтар оқиғасы: Алматы әуежайының ұшу-қону жолағындағы жарықты сөндірген адам анықталды
Оның үстінен «Терроризм актісі» бабы бойынша сот процесі жүріп жатыр
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағын жарықсыз қалдырған адам анықталды. Қазір оған терроризм актісі бойынша айып тағылып отыр. Бұл туралы Бас прокуратураның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.
«Бұған дейін біз Алматы қаласы әуежайына шабуыл жасалғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Мұнда кейбір қылмыскердің рөлі туралы түсіндіргім келеді. 5 қаңтарда «Н» деген азамат адамдар тобымен Алматы қаласы Алматы әуежайының ұшу-қону жолағының жарығын сөндірді. «Н» өзінің әрекеттерімен стратегиялық нысанның қызметін тоқтатты», - деді Қилымжанов.
Ұшу-қону жолағында жарық болмауы салдарынан жоспарланған әуе рейстері уақытында орындалмай, жолаушылар әбігерге түскен.
«Жолаушылар 10 сағат артық күтуге мәжбүр болды. Осы уақытта қарулы топ Алматы әуежайының ғимаратында қиратып, тонады. «Н» деген азаматтың әрекеті Қылмыстық кодекстің 255-бабы (терроризм актісі) бойынша сараланады. Оның қылмысқа қатысы бар-жоғы жиналған деректермен расталады», - деп қосты Қилымжанов.
Бұған қоса, Бас прокуратура өкілі қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілелері Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және ШҚО болғанын айтты. Тергеу органдарының іс жүргізуінде 5041 қылмысық іс бар, оның 49 жаппай тәртіпсіздік, ал 45 терроризм бойынша жүргізіліп жатыр.