Маңғыстау облысында Каспий теңізіне түскен 5 адам суға кетті

Халық үні

Бес жасөспірім демалыс күні теңіз жағасына демалуға барып суға түскен

Фото: видеодан алынды

Маңғыстау облысында бес адам суға кетіп, біреуі көз жұмды. Құтқарылғандардың тағы бірі жансақтау бөлімінде жатыр,  деп хабарлады КТК телеарнасы.

Оқыс жағдай Ақтау қаласынан 63 шақырым жердегі «Голубая бухта» деген аймақта болған. Бес жасөспірім демалыс күні теңіз жағасына демалуға барып суға түскен. Бесеуі де суға кетіп, үш қыз өз бетімен жағаға жүзіп шыққан. Қалған екеуіне сол маңдағы адамдар көмекке келген. Алайда көп су жұтып қойған 16 жастағы бозбала ауруханаға жеткенше көз жұмды.

Қазір құтқарушылар Шора су каналына батып кеткен тағы бір жігіттің денесін іздестіріп жатыр. 24 жастағы азаматтың мәйіті үш күннен бері табылмай жатыр.  Төтенше жағдай қызметкерлері қайғылы жағдайға душар болғанның бәрі тыйым салғанн жерде суға түскен дейді.