«300 мың теңге несиесі болған»: Астанада банк қызметкерлерін тұтқынға алған күдікті туралы тың мәлімет шықты
Бүкіл елді дүрліктірген қарақшының Kaspi банкте 300 мың теңге несиесі болған
Астанадағы банк бөлімшесін басып алып, қызметкерлерін тұтқынға алған күдікті туралы тың мәлімет шықты. 30 жастағы Әлихан Мурадов ешкіммен қақ-соғы болмаған дейді көршілері. Тіпті ауылдастары оны мұндай қадамға біреулер мәжбүрлеуі мүмкін деп күдіктенеді, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Бүкіл елді дүрліктірген қарақшының Kaspi банкте 300 мың теңге несиесі болған. Осы қарызына бола ол банкке шабуыл жасауы мүмкін емес дейді туыстары.
Елді елең еткізген азамат Жамбыл облысы Гродикова ауылының тумасы. 30 жастағы күдікті осы үйде туып-өскен. Оның екі әпкесі мен бір ағасы бар. Ата-анасы бақилық болған төрт ағайынды бір шаңырақ астында тұрады. Олар жағдайды желіден оқып, есеңгіреп қалғанын жасырмады. Олардың айтуына қарағанда, күдіктінің отбасы да, тұрақты жұмысы да болмаған. Банкке 300 мың теңге берешегі бар азамат бір ай бұрын ғана Астанаға жұмыс іздеп барған. Бірақ аталмыш қаржы ұйымды бопсалауға негіз болды дегенге жақындары сенбей отыр.
«Жақын арада Астанаға не болғанын білу үшін жолға шығамын. Шынымды айтсам, қазір ештеңе айта алмаймын. Төбемізден жай түскендей болды. Өзіңізді менің орныма қойып көріңізші, сонда түсінесіз», - дейді туысы.
Көршілері де төбемізге жай түскендей болдық дейді. Бәрі кішкентайынан білетін азаматты жамандыққа қимайтынын айтады. Адамға қару кезеніп қатігездік танытқан жігіттің бұрын мұндай оғаш қылығын байқамаған. Ауылдастары ешкімге қылдай қиянаты жоқ азаматты біреулер мәжбүрлеген болуы мүмкін деп күдіктенеді.
«Сондай бірдеме болған шығар. Өзінен шығады деп ойламаймын. Жақсы тәрбиеде өскен балалар. Жақсы бала болатын. Әкесі бұрын қайтты ғой, мамасы жақында қайтыс болған. Бұған дейін бірнеше рет істі болған дейді? Ол жағын білмейді екенмін», - дейді Гродикова ауылының тұрғыны Фатима Мұратова.
«Келіп, жұмыс істеп жүретін, ешқандай оғаш қылығын байқаған жоқпын. Жібі түзі болатын. Кешегіні көріп таң қалдық, жылап алдық. Ондайы жоқ еді ғой деп. Мінезі жақсы, әрі-бері өткенде амандасып тұратын», – дейді Гродикова ауылының тұрғыны Назира Жамбылова.
Бейресми мәліметтерге сүйенсек, күдікті 10 жыл бұрын наркодиспансерге тіркеуге алынған. Кейін үш жылдан кейін шығарылған. Оның ұрлық және алаяқтық бабымен істі болғаны да айтылуда. Бірақ құзырлы орындар бұл іске қатысты жақ ашпай отыр. Мәжіліс депутаттары да бұл жағдайға қатысты мардымды ештеңе айта алмады.
«Әрине, бұл сырт көзге қорқынышты жағдай. Астананың қақ ортасында бір адам бірнеше адамды ұстап отыру деген. Бұрын Ресейде болған террорлық актілерге ұқсайды. Біз бұрын терроризм алыста бола ма деп ойлайтынбыз», - дейді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.
Кеше қолында тапаншасы бар 30 жастағы азамат Астанадағы Kaspi банктің бөлімшесіне басып кіріп, жеті қызметкерді кепілге алған. Ол тұрмысы төмен отбасылардың несиесін жабу мен өз жақындарына жәрдем ету сынды талаптар қойған. Тұтқындарды босату операциясы екі сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Ал күдікті қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.