Шілдеден бастап жәрдемақының белгілі санаттары пайыздық өсіммен төленеді
Әлеуметтік сала бойынша соңғы уақытта оң өзгерістер болған
Маңғыстау облысында 200 мыңға жуық адам зейнетақы мен жәрдемақы алады. Шілдеден бастап жәрдемақының белгілі санаттары пайыздық өсіммен төленеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ МОФ директорының орынбасары Ұлан Нұрлыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спикердің айтуынша, әлеуметтік сала бойынша соңғы уақытта оң өзгерістер болған. Соның бірі – жәрдемақылардың пайыздық өсімі. Мәселен I топтағы мүгедектігі бар жандар осы жылдың 1 қаңтарында 77 889 тг жәрдемақы алса, шілдеден бастап – 89 248 теңге алады. II топтағы мүгедектігі бар жанның жәрдемақысы 71 398 теңгеге, үшінші топқа жататын жандардыкі 48 681 теңгеге, 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға төленетін жәрдемақы 65 313 теңгеге өседі.
«Асыраушысынан айырылған балаларға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар да көбейеді. Шілде айынан бастап 1 балаға 37 322 теңге төленсе, 2 балаға 68 964 теңге, үш балаға 91 276 теңге жәрдемақы беріледі», - дейді Ұлан Нұрлыбаев.
Сонымен қатар «Алтын алқа» немесе бұрын батыр ана атағын алған, 1 және 2 дәрежелі «Ана» даңқы ордені иегері болған көпбалалы аналар бұған дейін 22 080 теңге алып келсе, 2023 жылдың шілдесінен бастап 25 530 теңге көлемінде қаржы алады.