Тоқаев қайта сайланған Франция президентін Қазақстанға шақырды
Макрон - соңғы 20 жылда Францияда қайта сайланған алғаш президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция президентіне құттықтау жеделхатын жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Эммануэль Макронды Франция президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
Мемлекет басшысы құттықтау жеделхатында Эммануэль Макронның сайлаудағы айқын жеңісі Францияның ұлттық мүддесін қорғау және елді өркендету жолындағы оның қажырлы қызметіне халықтың берген жоғары бағасы мен сенімінің айғағы деп атап өткен.
Қазақстан президенті екі ел арасындағы дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген стратегиялық серіктестікке тың серпін беру үшін өзара күш-жігер жұмылдыруға дайын екенін нақтылады.
Осыған байланысты Қазақстан мен Франция арасындағы сан қырлы ықпалдастықты нығайту жолдарын талқылау үшін өзара қолайлы уақытта Сізді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Франция көшбасшысына сарқылмас күш-қуат және аса жауапты қызметіне сәттілік, ал достас француз халқына мол бақыт пен құт-береке тіледі.
Францияда 24 сәурірде өткен президент сайлауының екінші кезеңінде Эммануэль Макрон жеңді. Осылайша Макрон соңғы 20 жылда қайта сайланған алғаш президент атанды.
Францияның ірі қалаларында сайлау учаскелері жергілікті уақытпен 20:00 (Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 12:00), ал өзгелері бір сағат ерте жабылған. Алдын ала нәтижеге сай Макрон сайлаушылардың 58,8 пайыз дауысын жинаған, ал «Ұлттық бірлік» әсіре оңшыл күштерінің өкілі Ле Пенде — 41,2 пайыз дейді.