Ауылға жұмысқа тұрған медицина қызметкерлеріне 10 млн теңге жәрдемақы берілуі мүмкін
Заң жобасы Үкіметтің қарауына жіберілді
Ауылға жұмысқа келген медицина қызметкерлері үшін 10 млн теңге жәрдемақы берілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram арнасында жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Құрметті дәрігерлер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Сіздердің мамандықтарыңыз – ең қиын, жауапты және асыл мамандықтардың бірі. Сіздер күн сайын мыңдаған адамдардың өмірін сақтап қалып, нағыз ерлік жасап жүрсіздер. Президенттің тапсырмаларына сәйкес соңғы жылдары жалақы көтеріліп, жаңа денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр, – деп жазды депутат.
Оның айтуынша, қазір Әлеуметтік-мәдени даму комитеті денсаулық сақтау туралы заң жобасын қарастырып жатыр. Онда медицина қызметкерінің мәртебесін бекіту, дәрігерлерді әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау бойынша қосымша шараларды қарастыру маңызды. Осы мақсатта Комитеттің депутаттары бірқатар түзетулерге бастамашылық жасады.
Атап айтқанда, ауылға жұмысқа келген медицина қызметкерлері үшін 10 млн теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы белгілеу жөніндегі норманы Заңға енгізу туралы түзету енгізілді. Сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өз жарналарын төлейтін барлық медицина және білім беру қызметкерлерінің жыл сайынғы міндетті медициналық тексеруден тегін өтуі, яғни МӘМС есебінен өтуі туралы норма ұсынылды.
Үкіметтік нұсқадағы заң жобасында 2025 жылдан бастап медицина қызметкерлерінің өздері кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру бойынша жыл сайынғы сақтандыру ақыларының 50%-н төлеуге міндеттеу көзделген. Бұл ретте Комитет депутаттары 100% сақтандырудың барлық сомасын жұмыс берушінің есебінен жабуды ұсынып отыр.
Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру үшін олардың балаларын балабақшалардағы орындармен басым тәртіппен қамтамасыз ету, демалыстардың ұзақтығын ұлғайту жөніндегі нормалар ұсынылып отыр. Сондай-ақ өздерінің кәсіби міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған немесе мүгедек болған медицина қызметкерлерінің балалары үшін жоғары білім беру гранттарын бөлу кезінде басым құқықты белгілеу бөлігінде түзету енгізілді.
Бұған қоса Асхат Аймағамбетов медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау жөніндегі нормалар және дәрігерлерді қорғауға бағытталған басқа да нормалар ұсынылып отырғанын жеткізді.
Бүгінде бұл түзетулер Үкіметтің қарауына жіберілді.