«Екі отбасынан 10 адам қаза тапты»: Маңғыстау облысындағы қайғылы жағдайдың мән-жайы белгілі болды

Халық үні

Жол апатына 10 адам, соның ішінде 5 бала қаза тапқан

фото: Halyq Uni

Маңғыстау облысы ПД бастығы Аян Дүйсембаев Жаңаөзен–Кендірлі тас жолында 16 маусымда болған жол апатына қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, жол апатына 10 адам, соның ішінде 5 бала қаза тапқан.

«Кешегі қорқынышты апатты талдай отырып, «Toyota» көлігінің ішінде 8 адам болғанын атап өткім келеді. Егер ережелер сақталып, жүргізуші мен жолаушылар қауіпсіздік белдігін тағып, сондай-ақ балаларға арналған орындықтар пайдаланылса, онда көлікке тек 4 адам ғана сияды. Ал апат болған жағдайда бұл құралдар адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалуы мүмкін. Бір ай бұрын «Duster» автокөлігінің жүргізушісіне қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін ескерту жасалып, айыппұл салынған», - деді ол.

Аян Дүйсембаев жол апатының басты себебі - көлік құралының қарама-қарсы жол бағытына шығуы екенін атап айтты.

«Аймақтағы халық саны күн сайын өсіп келеді. Біз халық санының өсуі бойынша республика бойынша бірінші орын алып тұрмыз. Өткен жылы демалыс кезінде біздің өңірімізге 7 мың көлік құралымен 35 мыңға жуық турист келіп демалған. Сондай-ақ, облыс бойынша автокөлік саны соңғы 5 жылда 15 мыңға өсіп, қазіргі уақытта 170 мыңға жетіп отыр. Жыл басынан бері облыста 164 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 32 адам қаза тауып, 185 адам дене жарақатын алды. Мысалы, Ауғанстандағы 10 жыл қақтығыста 444 маңғыстаулық қатысып, 8 адам қаза тапты.Осыған байланысты жол қозғалысы ережелерін сақтауды және өз өмірлеріңіз бен балаларыңыздың өміріне жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын!",- деп үндеу жасады аймақ тұрғындарына полиция генерал-майоры.