Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр – Тоқаев
Оқушылар арасында әлімжеттік жиі тіркелетін болды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мектептерде тәрбие жұмысы ақсап тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе.
Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Жалпы дүние жүзіндегі әр ұлт – бірегей. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Табысқа жету үшін жоспарымыз қол жетпес қиялға не болмаса жалаң сөзге емес, нақты іске негізделуі керек. Сонда ғана оның бәрі жұртқа түсінікті, анық болады. Яғни «Қайтсек табысты елге айналамыз?» деген сұрақтың жауабы айқын болуға тиіс, - деді мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда.
Президент адал азаматқа тән қасиет әрбір жастың бойынан табылуы керек деген ұстанымда.
«Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес.
Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керегін атап өтті. Сондай-ақ білім ордаларында тәрбие ісі ақсап жатқанын ашық айтты.
Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны, тіпті, бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді.
Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал, отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады.
Шығыстың ұлы ғұламасы әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда, кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді.
Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те ата-аналар баланы мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, ең алдымен, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай, балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ, белсене атсалысуымыз қажет», - деп сөзін түйіндеді мемлекет басшысы.