Жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді тоқтату керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ономостика саласын тәртіпке келтіруге шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ.
Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет.
Жалпы ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс, - деді Тоқаев Түркістанда өтіп жатқан құрылтайда.
Президенттің пікірінше, ономастика ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес, бұл – мемлекеттің шаруасы.
«Сондықтан осы саладағы барлық рәсімді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек», - деді мемлекет басшысы.