Ұлттық құрылтай: президент Түркістанға келді
Жиынға Сенат және Мәжіліс төрағалары қатысады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға жұмыс сапарымен келді, деп хабарлады Ақорда.
Сапар аясында президент Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын өткізеді.
Жиынға құрылтай мүшелерімен қатар Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент әкімшілігінің басшылық құрамы, Президенттің кеңесшісі және басқа да лауазымды тұлғалар қатысады.
«Хабар» телеарнасының мәліметінше, құрылтайдың алғашқы күні 3 тақырып талқыға салынады.
«Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өз жұмысын бастады. Жиын 2 күнге жоспарланған. Себебі, елді толғандыратын мәселелердің ауқымы да, бағыты да әртүрлі. Сондықтан құрылтай жұмысын бірнеше тақырыптық секцияларға бөлдік. Осылайша, барлық қатысушыға өз ой-пікірін айтуға барынша мүмкіндік жасалды.
Бүгін арнайы 3 секция өткізіледі. Олар: білім және ғылым, мәдениет, өнер, руханият және қоғамдық конселидация. Атап өту керек, қатысушылар үшін барлық секцияның жұмысы ашық. Олар кедергісіз қатыса алады.
Сондай-ақ Egov порталындағы «Құрылтай» қосымшасы арқылы азаматтар кез келген уақытта өз пікірлері мен ұсыныстарын жібере алады. Жалпы құрылтай барысында және онлайн арналар арқылы айтылған әрбір ой-пікір ескеріледі. Барлық мәселе мұқият зерделеніп, мемлекет басшысының назарына ұсынылады, - деді Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева.
Бұған дейін Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы Түркістанда өтетіні хабарланған еді.