×

Бізді үлкен сынақ пен қауіп күтіп тұр – Мәжіліс депутаты

60,70 жыл бойы жұмыс істеген инфрақұрылым жүйелері бірінен кейін бірі жарылып жатыр

 Халық үні 16.06.2023 | 23:24
фото: ratel.kz

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың жұмыс секциясының отырысында Қазақстанды үлкен сынақ күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Менің ойымша, бізді алдағы уақытта 5, 6 үлкен сынақ пен қауіп күтіп тұр. Оның бірі – елдегі инфрақұрылымдық дағдарыс. 60,70 жыл бойы жұмыс істеген инфрақұрылым жүйелері бірінен кейін бірі жарылып жатыр. Бұл үлкен технологияны, үлкен қаражатты, соған қажетті қоғамдық пікірді қажет етеді. Халықпен айтыса алатын, халыққа өзінің уәжін кез келген уақытта дәлелдей алатын шенділер қажет» - деді ол.

Сондай-ақ Айдос Сарым екінші қауіп елдегі экологиялық мәселе екендігіне тоқталды. Ал, маман тапшылығы мен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталықтардың жоқтығынан елдің алдағы өміріне болжам жасау қиындық тудырып отыр.

«Экологиялық жағдай бірінен кейін бірі болып жатыр. Қазақстанда су мәселесі бар. Қазақ табиғатқа тырнақ батырмаған халық. Сол себепті Аралды да сақтап қалды. «10 жылдан кейін не болады?» деген сұраққа жауап беретін адам жоқ. Елімізде көне жазбаларды оқитын ғалымдардың саны жетпей жатыр. Мұра бар. Мұраны дамытатын, зерттейтін, оқитын, зерделейтін мамандар жоқ» - деді ол.

Халық қалаулысы бұл мәселелерді шешу үшін гуманитарлық салаға қаржы бөліп, зерттеу жұмыстарын жүргізу керегін айтты.

«Жалпы Ұлттық құрылтайда көптеген ұсыныс, нақты ой айтылып жатыр. Осының барлығын топшылайтын, шын мәнінде ұлтқа қажетті, ұлттың болашағына қауіп төндіретін нәрселерді талқылауға негізделсек, әлдеқайда тиімді болар еді деп ойлаймын. Қарапайым экономикамыз не болады? Ғылыми экспертиза, ғылыми компетенция деген бізде мүлдем жоқ. Ғалымдар шын ізденуі керек. Шындықты айту, шынайы саясат жүргізу деген мәселе көп айтылып жатыр» - деді Айдос Сарым.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама