«Балалардың құқығын қорғау үшін заңнамаға түзетулер енгіземіз» - Аймағамбетов
Уәкіл сәтті жұмыс істеуі үшін шешімдердің қалай қабылданатындығын назарға алуы қажет
Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде жұмыс істеу оңай емес. Уәкілде аппарат та, жалақы да, бюджет те, жалпы белгілі бір артықшылық та жоқ. Бұны көбісі біле бермейді.
«Балалардың әл-ауқаты мен құқықтарына қатысты функциялардың басым бөлігі әкімдіктерде болғандықтан, Уәкілдің барлық 20 әкімдікпен байланыс орнатуы, министрліктермен, Парламентпен және азаматтық қоғаммен жұмыс істеуі маңызды.
Мәселен, алдағы уақытта біз, балалардың құқығын қорғау мақсатында заңнамаға түзетулер енгізу үшін – арнайы заң жобасына бастамашы болуды жоспарлап отырмыз.
Уәкіл сәтті жұмыс істеуі үшін шешімдердің қалай қабылданатындығын назарға алуы қажет. Одан басқа бюджет пен заңнама мәселелерінде де түсінігі болуы керек, жұмыс өте күрделі әрі маңызды», деп жазды ол.
Сондай-ақ ол бұрынғы балалар омбудсмені болған Аружан Саинға бірлескен жұмысы үшін алғыс білдірді.