Теміртауда 5 жасөспірім өзгенің көлігін ұрламақ болған
Екі бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды
Теміртауда 11-12 жас аралығындағы бес жасөспірім өзгенің көлігін ұрламақ болған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 14 маусымнан 15 маусымға қараған түннің ортасында Қарағанды облысы Теміртау қаласының ПБ Шығыс полиция бөліміне бір ер адам арызданған. Жәбірленуші белгісіз біреулердің оған тиесілі көлігін ұрлап кеткендігі туралы хабарлаған. Белгілі болғандай, ол үйіне келіп, көлігін ауласына қойған. Алайда бірнеше уақыттан кейін көлігінің орнында жоқ екенін байқаған.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы барған. Қаланың осы ауданындағы аулаларда бейнекамералар орнатылғанын байқаған полиция қызметкерлері бейнекамералардың жазбаларына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Автокөліктің жоғалуына 11-12 жас аралығындағы бес жасөспірім балалардың қатысқаны белгілі болды. Камераларда көлік құралының салонына олардың қалай кіргеніне дейін бейнеленген. Олардың бірі рөлге отырып, ал қалғандары көлікті итере бастаған. Осылайша, жасөспірімдер көлікті көрші үйдің ауласына апарып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Полиция жасөспірімдерді анықтады. Ата-анасы бас тартқандықтан, екі бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Қалған жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБК-нің 127-бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.