×

Елімізде көлік салығы бойынша қарыз 22,4 млрд теңгеге жетті

Берешегі бар 496,7 мың адам анықталды

 Дастан Жұмабекұлы 16.06.2023 | 17:34
фото: ашық дереккөз

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің хабарлауынша, 496,7 мың азаматтың көлік салығы бойынша берешегі 22,4 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде негізгі қарызы – 17,5 млрд теңге, өсімпұл 4,9 млрд теңге болды.

Алматы облысында салық міндеттемелерінен жалтарған көптеген автокөлік иелері анықталды. Бұл өңірде 57,7 мың адамның 3 млрд.теңге қарызы бар. Одан кейін Алматы қаласының тұрғындарының да салықтан жалтарып жүргені белшілі болды. Алматыда 53,6 мың адам 4,9 млрд теңге қарызын төлемей жүр. Түркістан облысында 53,6 мың адамның қарызы 1,2 млрд теңгеге жеткен. Шымкент қаласында 39,9 мың адамның 1,5 млрд теңге қарызы бар. Ал Астана қаласында 37 мың адамның 2,5 млрд теңге қарызы бар екенін анықталды, –  делінген хабарламада.

2022 жылға көлікке салық төлеу мерзімі биылғы 1 сәуірде аяқталды.

19 мамырдан бастап салық сомасын уақытылы төлемеген азаматтарға 1 АЕК-тен жоғары берешек сомалары бойынша адамға берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтарын жолдау басталды.

Берешек төленбеген жағдайда салық бұйрығы табыс етілген күннен кейін 5 жұмыс күні өткен соң, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына мәжбүрлеп орындатуға жіберіледі. Өз кезегінде, жеке сот орындаушылары «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес, банк шоттары мен мүлкіне тыйым салу түрінде мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқығы бар. Оның ішінде 40 АЕК-тен асатын қарыз болса, азаматқа ел аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін.

Бұдан басқа, мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдармен бірлесіп (Полиция департаменті мен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы) биылғы жылдан бастап көліктің салығы бойынша берешегі бар азаматтарға қатысты күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 10 152 рейд жүргізіліп, 413 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды. Нәтижесінде 963,7 млн. теңге мемлекеттік бюджетке түсті.

Сонымен қатар, елімізден шығуға тыйым салу туралы ақпаратты сілтеме арқылы білуге болады https://aisoip.adilet.gov.kz/debtors.

Комитет салық берешегі болған жағдайда уақтылы төлем жүргізуді тағы та ескертеді. Салық бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында: Электронды сервистер→Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы қызметі→ЖСН-ды енгізу арқылы тексеруге болады.

«E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.gov.kgd.android немесе https://apps.apple.com/kz/app/e-salyq-azamat/id1107556666 сілтемелері арқылы орнатуға болады

Серіктес жаңалықтары

Сараптама