Олар «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін
Бүгін Алматы қалалық мәслихатының VI сессиясында тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет жаңадан ашылатын екі метро бекеті «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін екенін айтты.
Оның айтуынша, метро бекетінің құрылысының жобасына техникалық-экономикалық әзірлеу үшін жаңа бекеттерге атау беру қажеттілігі туындап отыр.
«Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағын ауданы Алатау даңғылының бойындағы №1 бекет ономастикалық тәжірибеге сүйене отырып, жолаушылардың бағдар алуына ыңғайлы болу үшін «Шұғыла» деп атау ұсынылып отыр. Ал Алатау даңғылымен ұзартылатын Төле би көшесінің қиылысында болатын №2 бекетке «Төле би» атауын беру ұсынылып отыр, – деді ол.
Қалымбеттің пікірінше, бұл ұсынысты Алматы қаласы ономастика комиссиясы құптаған. Қала басшылығы тарапынан да қолдау тапқан. Енді бұл ұсыныс Алматы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен Үкіметтің жанындағы республикалық ономастика комиссиясына жолданады. Ол комиссия келісім берсе, Алматы әкімдігінің қаулысымен шешім қабылданады.