Теңіз жағасына жиналған жамағат Құдайдан жаңбыр тіледі
Бүгін Ақтау қаласындағы ашық аспан астындағы амфитеатрда маңғыстаулық жүздеген адам жиналып, Жаратқанға жалбарынды. Теңіз жағасына жиналған жамағат Құдайдан жаңбыр тілеп, намаз оқыды.
Тасаттық беруге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстаудағы өкіл имамы, облыстық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Әнуар Елжанов бастамашы болған. Оған жергілікті шарулар мен қожалық иелері өтініш айтқан.
Еске салайық, былтыр Маңғыстау өңірінде қуаңшылықтан жерде от болмай, мыңдаған мал басы қырылған еді. Аймақ тұрғындары биыл да жауын-шашынның аздығынан қуаңшылық бола ма деп уайымдайды.
Былтыр қараша айында елордада өткен Қазақ шаруаларының І құрылтайында Маңғыстау облысында төтенше жағдай жариялау мәселесі қайта көтерілген еді. Шығынға батқан шаруалар 1207 мал басы қырылғаны жайлы ресми деректі жоққа шығарып, шын мәнінде көрсеткіш одан анағұрлым жоғары екенін айтқан.
Сол кезде аймақта жем бағасы 90-110 теңгеге дейін шарықтады. Өңірдегі шаруаларды жем-шөппен қамтамасыз ету үшін үкімет резервінен 1,9 млрд тенге бөлінді.
2022 жылғы 31 қаңтардағы жағдай бойынша, Маңғыстау облысында 363,4 мың бас ұсақ мал, 113,5 мың бас жылқы, 82,2 мың бас түйе, 24,5 мың бас ірі қара мал бар.