Halyq Uni логотип
×

Үлкен Алматы айналма автожолы ашылды

66 шақырымға жарты сағатта жетуге болады

 Динара Амантай 16.06.2023 | 11:22
Үлкен Алматы айналма автожолы ашылды
Фото: ИИДМ баспасөз қызметі

Үлкен Алматы айналма автожолы пайдалануға берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин және Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев автожолдың ресми ашылу салтанатына қатысты.

Көлік жүргізушілері жаңа жолмен жүріп, оның артықшылықтарын бағамдап көрді. Айналма автожолы алғашқы концессиялық жоба болып саналады. Оның құрылысы 3 жыл бұрын түрік-кореялық консорциумының негізінде қолға алынып, жоспарға сәйкес 2024 жылы пайдалануға берілуі керек еді. Десе де айналма жол мерзімінен бұрын тапсырылып отыр.

ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин автожолдың тиімділігі мен басымдықтарын атап өтті. Оның айтуынша, Үлкен Алматы айналма автожолы мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады.

Бұл – еліміздің тарихындағы маңызды сәттердің бірі. Себебі, Үлкен Алматы айналма автожолы Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жоба саналады. Осы жолдың құрылысы халықтың игілігі үшін берілді. Ол халықтың еркін жүруіне септігін тигізеді, – деді Төлеген Абдуллин.

Концессия тетігіне сәйкес құрылыс жұмыстарын инвестор жеке қаражатын есебінен жүргізген. Енді 16 жыл бойы жол инвестордың кепілдік мерзімінде болады. 66 шақырымға жалғасқан айналма жолды жарты сағатта жүріп өтуге болады.

Көлік жүргізушілері жаңа жолдың тиімділігін байқап, ризашылықтарын жеткізді.

Бұл айналма жол – Алматы қаласы мен Алматы облысына қажетті жобалардың бірі. Өз басым жүк тасымалымен айналысамын. Алматының кептелістерін жақсы білемін. Үлкен Алматы айналма жолы ашылса, жүк тасымалдаушылар мен қарапайым тұрғындардың жүріп-тұруы жеңілдеп, кептеліс мәселесі шешіледі деген ойдамыз, – деді көлік жүргізушісі Михаил Драница.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа жол-көлік инфрақұрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Айналма автожолы – мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында салынған еліміздегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Ол тұтастай өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі тармағы саналады. Осы жол облысымыздың дамуына әсер беріп, инвестициялық және туристік әлеуетті арттырады деген сенімдеміз, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Айналма жол 1-а техникалық санаты бойынша салынған. Аталған жобаны қаржыландыруға Еуразиялық даму банкі де қатысқанын атап өткен абзал.

Үлкен Алматы айналма автожолы Қазақстан мен Еуразия аймағында көлік маршруттарын кеңейту бойынша маңызды рөл атқарады. Жаңа нысан «Шығыс-Батыс» бағытындағы халықаралық автокөлік маршруттарын байланыстырып, көлік қатынасын жақсартуға, жүк тасымалының мүмкіндіктерін кеңейтуге оң ықпал етеді. Осы жол арқылы тасымалданатын жүктің болжамды көлемі таяу 10-15 жылда 87%-ға ұлғайып, 35,9 млн тоннаға жетуге тиіс, – деді Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов.

Салтанатты рәсімнен кейін жаңа жолдың бойымен бірнеше көлік жүріп өтті. Атап айтқанда, ҮАААЖ белгілері бар 10 ауыр жүк көлігі, 10 автобус және жеңіл автокөліктер Қаскелең қаласына дейін жол тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама