Сондай-ақ халықты жұмыспен қамту мекемесінің негізгі қызметі белгілі болды
Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында 1 шілдеден бастап еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылады. Ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары болып қайта құрылатын болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек мобильділігі орталықтарының негізгі жаңа функциялары:
- жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету;
- өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру;
- жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру және өңірде іске асырылатын барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жүргізу;
- жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру;
- жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеу;
- халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілетті мемлекеттік органды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету.
Жаңа орталықтар осы функцияларды іске асыру үшін өңір аумағында жұмыс істейтін еңбек нарығының барлық институттарын белсенді түрде тартатын болады. Ол үшін оларға азаматтардың нысаналы топтарын жұмысқа орналастырумен байланысты жекелеген функцияларды аутсорсингке беру құқығы беріледі.
Өз кезегінде мансап орталықтары қалалар мен аудандардағы еңбек мобильділігі орталықтарының филиалдары болады. Жаңа орталықтардың негізгі міндеті ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен ұштастыра отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.
Бұл ретте қазір жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті түрде қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша іс макеттерін қалыптастыру бойынша көрсетілетін қызметтердің барлық спектрі сақталады және оларды көрсету сол мекенжайлар бойынша орналасатын мансап орталықтарында жалғаса береді.
Бұл трансформация жұмыспен қамту қызметін жүйелі түрде қайта құруға, жұмысты жақсартуға және мемлекет көрсететін еңбек делдалдығы бойынша қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Қызмет көрсету жүйесін одан әрі дамыту мақсаттарының бірі – жұмыспен қамту саласындағы барлық қызметтер мен қолдау шараларын толық цифрландыру.
Цифрлық жұмыспен қамту орталықтары – бұл жұмыспен қамту органдары мен олардың клиенттері, яғни ізденушілер мен жұмыс берушілер арасындағы қарым-қатынастарды және бизнес-процестерін түбегейлі өзгертіп, оларды онлайн-форматқа ауыстыруға мүмкіндік береді, – деді Асқар Ниязов.
Онлайн қызметтерді іске қосу халықтың жұмыспен қамту органдары қызметкерлерімен тікелей байланысын азайтуға және азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде жұмыспен қамту саласында қызмет алуға өтініш білдірген азаматтардың шамамен 77%-ы Электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн-форматты пайдаланады.
ЕХӘҚМ мамандары осы жылғы 12-14 маусым аралығында еліміз бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері үшін оқыту семинарларын өткізіп, жұмыспен қамту органдарын трансформациялау мақсаттары мен еңбек мобильділігі орталықтарын құру қажеттілігі туралы түсіндірме берді.