Halyq Uni логотип
×

«Түкіріп, темекі қалдықтарын денесіне өшірген»: Қарағандыда 9-сынып оқушысын сыныптастары аяусыз соққыға жыққан

Жәбірленуші жасөспірімнің анасы оқиғаның емтиханнан кейін болғанын айтады

 Халық үні 16.06.2023 | 07:52
«Түкіріп, темекі қалдықтарын денесіне өшірген»: Қарағандыда 9-сынып оқушысын сыныптастары аяусыз соққыға жыққан
Фото: 24.kz

Қарағандыдағы №54 мектептің 9-сынып оқушысын сыныптастары аяусыз соққыға жыққан. Оқиғаның мән-жайын зардап шеккен баланың анасы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жәбірленуші жасөспірімнің анасы оқиғаның емтиханнан кейін болғанын айтады.

«Емтихан тапсырып болған соң ұлымның 4 сыныптасы былай шығып, баламды таяқпен соққыға жыққан, түкірген, темекі қалдықтарын денесіне өшірген. Балам ауруханаға түсті. Ал полиция болса, мұндай әрекет жасағандар тек аз ғана айыппұл төлейді деп отыр», - дейді ол.

Жасөспірім бұған дейін де сабаққа барғысы келмейтінін айтып, бірнеше рет анасынан өтініп сұраған.

«Баламның оқығысы келмейтінін айтып, басқа сыныпқа ауыстыруды немесе қашықтықтан оқытуды сұрап мектеп басшылығына барып едім, тоқсан ортасы болды, рұқсат жоқ деп келіспеді. Мен жалғызбасты анамын. Баламды қалай қорғайтынымды білмей басым қатты», - дейді Қарағанды тұрғыны.

Әйел баласының соққыға жығылғаны аздай, жәбірлеуші тараптың жаласына қалғанын айтады.

«Менің ұлыма бір қыз жала жауып отыр, тиісті дейді, оны әлгі ұрған балалар айтқызып отыр. Баламның соққыға жығылғаны аздай, енді жаланың астында қалып отыр. Ол қыздың шешесі полицияға барып, «қызыма бейәдеп қылықтармен тиісті» деп, бізге қарсы арыз жазған. Кейіннен ол қыз жаңағы ұрған ұлдардың сөйтіп айтуға көндіргенін мойындады. Қаскүнем ұлының қылмысын жасыру үшін ата-аналардың өзі осындай әрекетке барып отыр», - дейді соққы жеген ұлдың анасы.

Ал облыстық полиция бұған дейін бұл әрекетке қатысты ешбір шағым түспегенін айтады.

«Қарағанды облысының полиция департаменті ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі «Бұзақылық» бойынша қылмыстық істі тіркеді. Бұған дейін осы факт бойынша ешкім өтініш білдірген жоқ», - дейді полиция.

Ал жәбірленушінің анасы ұлын соққыға жыққандар жазадан құтылып кете ме деп алаңдап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама