Несиелері бойынша 36,2 млн теңге өтелді
Үкіметте Абай облысындағы ірі өрттен қаза тапқандардың отбасыларына көрсетілетін көмекке қатысты егжей-тегжейлі ақпарат берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Успен орман шаруашылығындағы ірі өртті сөндіру кезінде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ-нің қаза тапқан 14 қызметкерінің, сондай-ақ өртті сөндіруге қатысқан тракторшы Сергей Архиповтың отбасы мүшелерінің тізімін жасады.
- Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, өрттен қаза тапқандардың отбасылары мен Сергей Архиповтың отбасына Семей қаласынан жиһазбен жабдықталған 2 немесе 3 бөлмелі (отбасы мүшелерінің санына қарай) пәтерлер берілді;
- қаза тапқан адамдар мен олардың отбасы мүшелерінің несие қарыздары өтеледі.15 маусымдағы жағдай бойынша өтелетін қарыздардың жалпы мөлшері 36,2 млн теңге болды.
- «Қазақстан халқына» қорынан әр отбасыға 7 млн теңгеден және кәмелеттік жасқа толмаған әр балаға 2 млн теңгеден материалдық көмек берілді. 15 маусымдағы жағдай бойынша төлемдердің жалпы сомасы 127 млн теңге делініп отыр.
- Асыраушысынан айырылған отбасы мүшелеріне мемлекеттік бюджеттен ай сайынғы жәрдемақы төленеді.
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға, ЖОО-да күндізгі оқу бөлімінде оқыса, оқуды аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын балаларға ай сайынғы әлеуметтік төлем беріледі.
- Сонымен бірге БЖЗҚ-дан жерлеу рәсімдері үшін біржолғы жәрдемақы төлеу жоспарда бар.
- Одан басқа жалпы білім беру қорынан мектеп жасындағы балаларға 500 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек пен керек-жарақтар (аяқ киім, форма) мен жазғы лагерьге жолдама беріледі.
- Жұмыс берушінің қаражаты есебінен ай сайынғы төлемдер (жалақы мөлшеріне байланысты) ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің есебінен біржолғы көмек те қарастырылған.
Сондай-ақ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ әр отбасына 3 млн теңге көлемінде материалдық жәрдем береді. Одан бөлек коммерциялық ұйымдар көмек көрсетеді.
Оған қоса әкімдік «Ақ Ертіс» ҚҚ-мен бірлесіп, қаза тапқандардың отбасы мен зардап шеккендерге одан әрі көмек көрсету мақсатында қайырымдылық пен демеушілер қаражатын жинақтау үшін арнайы шот ашты.