Азық-түлік бағасына қатысты тиімсіз жұмыс істеген әкім орынбасарлары жазаланады
Премьер-министр тапсырмасы тиісті деңгейде орындалмағанын айтты
Бүгін премьер-министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС базасында медициналық техниканы орталықтандырылған сатып алуға көшу мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Кеңесте баяндама жасаған Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 0,6%-ды құрағанын хабарлады. Атап айтқанда, пияз 2,9%, қырыққабат 2,8%, құс еті 2,5%, сәбіз 2,3%, қант 1,5%-ға қымбаттады. Өңірлер арасында бағаның ең жоғары өсуі Нұр-Сұлтан (0,9%) және Алматы (0,8%) қалаларында тіркелді.
Оның айтуынша, елімізде сауда үстемесін бақылау жұмыстары аясында үй маңындағы 32 308 дүкен тексерілді (қамту – 77%), соның нәтижесінде 358 бұзушылық анықталды. Барлық фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда азық-түліктің (жаңа өнімді есептемегенде 669 841 тонна), оның ішінде сиыр еті, картоп, ұн, жұмыртқа, сүт және т. б. едәуір қоры бар.
Үкімет басшысы ӘМАТ бағасының ең жоғары өсімі тіркелген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаевтың және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың, сондай-ақ республика бойынша қырыққабаттың ең жоғары бағасы (килограмына 340 теңге) тіркелген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың есептерін тыңдады.
Кеңесті қорытындылай келе, Әлихан Смайылов бағаны ұстап тұру мәселелері бірінші кезекте маңызды екенін атап өтті.
«Мен бірнеше рет "айналым схемасын" қаржыландыруды арттыруды тапсырдым, алайда бүгінде жұмыс тиісті деңгейде орындалмады. Осы айдың аяғына дейін қаржыландыруды 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет. Бұл көрсеткішті мақсатты деңгейге жеткізбейтін өңірлерде әкімдердің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарларына тиісті шара қолдану туралы ұсыныстар қаралатын болады», - деді Үкімет басшысы.