Halyq Uni логотип
×

Мемлекеттік шекараның бірнеше өткізу пункттерінде көлік кептелісі болып жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитеті түсінік берді

 Динара Амантай 14.06.2023 | 17:55
Мемлекеттік шекараның бірнеше өткізу пункттерінде көлік кептелісі болып жатыр
Фото: Halyq Uni

Мемлекеттік шекараның бірнеше өткізу пункттерінде көлік кептелісі болып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан-Ресей шекарасының («Қайрақ» (ҚР) – «Бугристое» (РФ), «Сырым» (ҚР) – «Маштаково» (РФ) өткізу пункттері), қазақ-қырғыз шекарасының («Қарасу» (ҚР) – «Ақ-Тілек» (Қырғыз Республикасы) өткізу пункттері) және қазақ-өзбек шекарасының («Жібек жолы» (ҚР) – «Гишт-Куприк» (ӨзР), «Қазығұрт» (ҚР) – «Ташкент» (Өзбекстан), «Атамекен» (ҚР) – «Гулистан» (Өзбекстан) өткізу пункттері) жекелеген бағыттарында адамдар мен көлік құралдарының кептелісі болған.

Оған аталған бағыттардағы өткізу пункттерінің кейбірінде ішінара жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, маусымдық көкөніс өнімдерін тасымалдауға байланысты шығарылатын жүк тасымалының артуы, көлік тасымалдау ұйымдарының транзиттік әлеуетін жоғарылатуы және туристік кезеңдегі жолаушылар легінің көбеюі себеп болып отыр.

Сонымен қатар ҰҚК Шекара қызметі қазақстандық өткізу пункттерінің тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанын хабарлайды. Шекарадан өтетін көлік құралдарын қарау мен адамдардың құжаттарын тексеруде қазіргі заманғы және автоматтандырылған жүйелерді қолдану арқылы адамдар мен көліктер кептелісін азайту бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Көлік құралдарының жүргізушілері өздерінің қозғалыс бағыттарын жоспарлау кезінде қалыптасқан жағдайды ескерулері қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама