Түркістан облысында жоғары шенді полицей ұсталды
Ол қамауға алынды
Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің бастығы Данияр Мейірхан қамалды. Ауданның бас полицейінің үстінен «Өзінше билік ету» бабы бойынша іс қозғалып отыр.
Данияр Мейірханды Шымкент қалалық полиция департаментіне қарасты өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері құрықтаған.
Қазір күдікті қалалық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған жайт бойынша қылмыстық кодекстің 389-бабымен (өзінше билік ету) сотқа дейінгі тергеу басталды», – деді Шымкенттің полиция департаменті.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сенсек, полиция подполковнигі Шымкенттегі автосалоннан Kia Corenta көлігін заңсыз иемдену фактісі бойынша күдікті болып отыр.
Айта кетсек, Данияр Мейірхан – полиция генерал-майоры Мейірхан Жаманбаевтың ұлы. Ол бұған дейін Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған. Жергілікті мектеп мұғалімімен болған жанжалдан кейін ол жұмысынан кетіп, 2020 жылдан бері Түлкібастың бас полицейі болып келеді.