«Бесік жыры» анимациялық фильмі Үндістанда өткен фестивальде үздік атанды
Биыл байқауға 1300-ге жуық туынды ұсынылған
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Бесік жыры» қысқаметражды анимациялық фильмі Үндістанда өткен Roshani International film festival 2023 фестивалінде «Үздік анимациялық фильм» атағын жеңіп алды.
Аурангабад қаласында төртінші мәрте өткен халықаралық фестивальде әлемнің түкпір-түкпірінен талантты кинематографистер жиналды.
Биыл байқауға 1300-ге жуық туынды ұсынылды. Оның ішінде 132-і анимациялық фильмдер. Dala animation шығармашылық ұжымы дайындаған «Бесік жыры» мультфильмі қазылардың ең жоғары бағасын алып, көрермен көңілінен шыққан.
Туынды 2021 жылы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жарыққа шықты.
Айта кету керек, бұл «Бесік жыры» анимациялық фильмінің алғашқы жүлдесі емес. Қазақстандық мультфильм мамыр айында Испания астанасы Мадридте өткен беделді кинофестивальде «Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм» жүлдесін жеңіп алған еді. Ол байқауға 1500 анимациялық жұмыс үміткер ретінде ұсынылғанын айта кеткен жөн, - деді Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Жүдебаев.