×

Бақбергеновалардың қос медалі: қазақстандық егіздер Азияда топ жарды

Моңғолияда күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр

 Қымбат Елтайқызы 22.04.2022 | 23:56
Жәмила Бақбергенова, фото: facebook

Әйелдер күресінен 68 келіде бақ сынаған қазақстандық Мәдина Бақбергенова Азия чемпионы атанды. Ол финалда әлем чемпионы, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Мейірім Жұманазарованы 3:2 есебімен жеңген. Мәдина мен Мейірім Улан-Баторда екі рет белдесті. Топтық кезеңде қырғыз балуаны 5:0 есебімен жеңген. Сол күні екеуінің жолы финалда қайта түйісіп, Мәдина топтық кезеңде жіберген есесін қайтарды.

Мәдинаның жеңісінен кейін оның сыңары Жәмила Бақбергенова да Азия чемпионы атанды. Моңғолияда өтіп жатқан Азия чемпионатында 72 келіде бақ сынаған Жәмила төрт бірдей қарсыласын да жеңді. Жәмила үшін жапон балуаны Сумире Ниикурамен белдесу қиынға соқты. Алайда қазақстандық балуан соңғы сәтте жеңісті жұлып алды.

Жәмила осымен екінші рет Азия алтынын алып отыр. 2020 жылы Делиде Азия чемпионы атанған. 2021 жылы Ослодағы әлем чемпионатында күміс медаль иеленген.

Улан-Баторда өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында Мейіржан Шермағанбет грек-рим күресінен (67 келі) алтын медаль алды. Ол финалда екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Рю Хан Суды (Оңтүстік Корея) жеңді.

Одан бөлек, грек-рим күресінен 130 келіде бақ сынаған Әлімхан Сыздықов Азия чемпионы атанды. Ол финалда корей балуаны Ким Минсокты (жарыс фавориті саналған) жеңді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама