Қазақстандықтарға «Қорғас» бекетінде шектеу қойылады – ҚХР-дың бас консулы

Дастан Жұмабекұлы

Енді Қытайдан бір айда 31 келіден артық тауарды әкетуге тыйым салынады

фото: ашық дереккөз

Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй ҚХР мен Қазақстанның шекарасындағы базардан қазақстандықтардың 1 айда 31 келіден артық тауар алып кете алмайтынын айтты. Сонымен бірге ол заттардың жалпы құны 1 000 еуродан аспауы керектігін ескертті.

Оның айтуынша, бүгінде Қытайда 35 жаңа жоба әзірленіп, соның 15-і іске асырылған. Соңғы мәліметке қарағанда, Қорғас арқылы бір айда шекарадан 360 мыңнан астам адам өтті.

Қазір «Қорғас» халықаралық орталығы арқылы Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс дамып жатыр. Алдағы уақытта Қытайдан елімізге келетін адам саны бұдан да көп болатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде күніне 12 мыңға жуық адам келіп жатыр. Ынтымақтастық орталығы бажсыз сауданы, оффшорлық қаржыландыру мен туризмді, сондай-ақ көрмелерді дамытуға күш салып отыр.

Енді бұдан былай Қытайдан Қазақстанға зат әкелетін саудагерлер  автобусқа өзімен 5 келі жүк қана алып кіреді. Ал қалғанын әуежайдағыдай жүк тасымалдау пунктіне тапсыруға міндетті.