Өртті бірден сөндіруге болатын сәтті жіберіп алдық – Роман Скляр
Премьер-министрдің бірінші орынбасары шенеуніктер жағдайды дұрыс бағаламағанын мойындады
Абай облысындағы алапат өртті бірден сөндіруге мүмкіндік болған, бірақ Үкімет мұндай сәтті жіберіп алған. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Вице-премьердің айтуынша, ормандағы өртке табиғи факторлар да әсер етіп жатыр.
Өртті сөндіруге 14 тікұшақ жұмылдырылды. 1500 адам мен 300 техника жұмыс істеп жатыр. Жақын арада өрт ошақтары сөндіріледі деп ойлаймыз. Жел бәсеңдеді. Жағдайды дұрыс бағаламаған. Өрт жылдам тараған соң, осындай жағдай болды.
Қаза тапқандарға тоқталайын. Әрине, бұл өте қайғылы жағдай. Прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Бұл бойынша (адамдар) толық жауап береді, - деді Роман Скляр.
Роман Склярдың пікірінше, барлық мемлекеттік органның міндетін айқындау керек.
«Қорғаныс министрлігі мен ТЖМ, орман шаруашылығының барлық күшті тартылды. Бірақ мұндай жағдайда жылдам әрекет ету керек. Біз өртті бірден сөндіруге болатын сәтті жіберіп алдық. 22 мамырда орманда 5 мың гектар жер өртенді. Ол жедел түрде өшірілді, ал бұл жолы жағдай дұрыс бағаланбаған. Соңғы жылдары техника бойынша жағдай қиын. Біз техниканың орнын толтыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Экология министрлігінің дайындығы 59%-ға бағаланды», - деді ол.
Айта кетейік, Абай облысындағы алапат өрттен 14 адам қаза тапты. Олардың бәрі орман шаруашылығының қызметкерлері.