Өрттің беті қайтпай жатыр
Бірақ елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ
Қазіргі уақытта Абай облысында өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Елді мекендерге қауіп жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника жұмылдырылған.
Пилотсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, аэровизуалды барлау нәтижелері бойынша өрт Каштак орманшылығынан Семей қаласына қарай бағыт алып, жоғары өрбігені байқалады. Жедел іс-қимылдар мен уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін тікұшақтар тартылды. Өткепн тәулікте өрт ошақтарына әуеден 546 рет 1 500-ден астам тонна су төгілді. Ал жалпы, өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 323 рет 4000-ға жуық тоннаны су төгілді.
Қазірге дейін жедел желіге 150 қоңырау түсті. ТЖД жедел желі телефоны: 8 722 235 38 31.
«Қазгидромет» АҚ деректері бойынша 14 маусым күні: қысқа мерзімді жаңбыр (жаңбырдың ықтималдығы 60%), найзағай, дауыл, солтүстік-шығыс жел секундына 15-20 метр, екпіні секундына 23-28 метрге дейін болады деп күтілуде. Түнде ауа температурасы +5+100С, күндіз +18+23 0С.