Абай облысындағы өрттен елді мекендерге қауіп жоқ – Экология министрлігі

Дәурен Ерболат

Өртті сөндіруге 14 тікұшақ тартылды

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Абай облысындағы алапат өрттен елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлады Экология және табиғи ресустар министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазір Абай облысында 3 бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Минералдандырылған жолақтар жасау жұмысы қиын болуына байланысты тоқтатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ, - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бүгінде өңірдегі орман өртін сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден аса техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет су (2 мыңнан аса тонна су) төгілді. 

Кеше метеожағдайдың өзгеруіне байланысты (желдің екпіні секундына 18 метрге дейін) өрт Талица ауылына (тұрғындар алдын ала эвакуацияланды) қарай бағыт алды.

Елді мекенді қорғауға техника жұмылдырылды. Өрт Талица ауылының шығыс жағынан далаға қарай өрбіп, сөндірілді.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнынан өрт сөндіру жұмысын үйлестіріп жүр.