×

Күдебаевтың ұлының өліміне қатысты айыпталған алматылық дәрігер ақталып шықты

Бұл іске президенттің өзі араласқан еді

 Айнұр Шошаева 22.04.2022 | 16:59
коллаж: Halyq Uni

Алматы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың баласының өлімі үшін айыпталған дәрігер Қанат Тезекбаевқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Бұл туралы академик Алмаз Шарман жазды. 

Әріптесіміз, травматолог-дәрігер Қанат Тезекбаевты қылмыстық қудалау тоқтатылды. 2019 жылғы қыркүйекте Қанат Марденұлы (ол кезде Алматы қаласының 4-ші қалалық ауруханасын басқарған) пациенттің - құқық қорғау органдарының жоғары лауазымды шенеунігінің ұлының өлімі үшін айыпталды. Дәрігер дереу тергеу изоляторына қамалып, қорқыту үшін шашын тақырлап алып тастаған болатын, - деді Шарман. 

Сонымен бірге академик Қазақстанда дәрігерлерге қатысты мұндай әділетсіздік қайталанбау керек деп қосты. 

«Мұның бәрі медициналық қоғамдастықтың наразылығын тудырды. Тек Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуының арқасында Қанат Марденұлы босатылды. Бірақ қылмыстық қудалау соңғы уақытқа дейін тоқтаған жоқ. Міне, бүгін біз көптен күткен қаулыны көріп, қатты қуандық. Құрметті Қанат Марденұлы, құттықтаймын. Жақсылық жасауды, адамның өмірін сақтап, денсаулығын жақсартуды жалғастыра беріңіз. Мұндай әділетсіздік енді жаңа Қазақстанда қайталанбауы тиіс», - деп толықтырды ол. 

Атап өтсек, қайтыс болған 29 жастағы пациент Нұрсұлтан Құндыбаев - Алматы қаласы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың ұлы. Ол 2019 жылғы тамыздың басында №4 қалалық ауруханадағы операциядан кейін комаға түскен болатын. Кейін ол Германияға жеткізіліп, 27 тамызда неміс ауруханасында көз жұмды. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. №4 қалалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаев пен осы аурухананың анестезиологы Асқар Тұңғыбаев күдікке ілініп, кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қамауға алынды. 

Қанат Тезекбаевтың жұбайы Дина президентке хат жазып, істі жеке бақылауына алуды өтінген еді. Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында болған кезінде тиісті органдарға Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың ісін бақылауға алуын тапсырды. 25 қыркүйекте бас дәрігер мен анестезиолог ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама