Қырғызстанның экс-президенті тағы 10 жылға сотталды
Ал Максим Бакиев өмірбақи бас бостандығынан айырылды
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев Құмтөр ісі бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды. Ал оның баласы Максим Бакиевті өмірбақи бас бостандығынан айыру туралы сот шешімі шықты.
Kaktus.media-ның хабарлауынша, бұған дейін де Құрманбек Бакиевке қатысты үкім шыққан. Енді ол бұрынғы үкімдерді қосқанда 30 жылға сотталды.
Бішкек қаласының Первомай аудандық сотының 2023 жылғы 1 наурыздағы үкімі бойынша Құрманбек Бакиев Қырғыз Республикасы Қылмыстық Кодексінің 336-бабы 2-бөлігінде көзделген «Ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың мүддесінде жасалған немесе ауыр зиян келтірген сыбайлас жемқорлық» қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, үкімде Құрманбек Бакиевтің мүлкі тәркіленіп, жазасын өтегеннен кейін үш жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтыны айтылған.
Құмтөр ісі бойынша экс-президенттің ұлы Максим Бакиев тағы 13 жылға сотталып, бұрынғы сот шешімдерін қосқанда өмірбақи бас бостандығынан айырылады. Ал оның орынбасары Алексей Елисеев осы іс бойынша 12 жылға сотталды. Ол бұрынғы үкімдерін қосқанда 30 жыл түрмеде отыруы керек.
Геология және минералдық ресурстар агенттігінің бұрынғы басшысы Қапар Құрманалиев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы сот шешімін ескере отырып, ол 13 жыл түрмеде отыруы керек. Одан басқа қаржы министрінің бұрынғы орынбасары Эмирлан Тоомырзаев 12 жылға, Сыртқы сауда және өнеркәсіп министрлігінің экс-басшысы Садриддин Жиенбеков 10 жылға, Үкімет аппаратының құқық бөлімінің бұрынғы жетекшісі Елена Белковская 9 жылға сотталды.