«Орман ағаштарына от қойған»: Абай облысы әкімдігі мәлімдеме жасады
Бұл видеороликтің Абай облысына еш қатысы жоқ
Орман ағаштарын тұтандыру үшін дайындалған тамызықтар туралы интернет желісінде тараған видеоға Абай облысының әкімдігі түсініктеме берді.
«Интернет желісінде бір топ адамның ормандағы ағаштарға от қою үшін тамызықтар дайындағаны туралы видео тарады. Олардың бірі Жабық ауылының атауын атайды. Ақпараттарға сүйенсек, 2021 жылдың маусым айында Ресей Федерациясы Челябі облысының Жабық ауылында орман алқабында ірі өрт болды. Бұл видеороликтің Абай облысына еш қатысы жоқтығын көрсетеді», - делінген әкімдік хабарламасында.
Өңір әкімдігі сондай-ақ тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.
Айта кетейік, Абай облысында болып жатқан орман өртінен 14 орманшының қаза табуына байланысты Президент 12 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.