Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғалды

Халық үні

Жауапты лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады

Фото: ҚР ТЖМ

9 маусымда басталған Абай облысының орман алқабында тұтанған өрт фактісі бойынша ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды (абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу). Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қылмыстық іс арнайы прокурорлардың іс жүргізуіне қабылданды. 

Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды.

Сонымен қатар, адамдардың қаза болуына және қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге әкеп соққан ауыр зардаптарды назарға ала отырып, арнайы прокурор салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді.

«Оны тергеп-тексеру аясында жауапты лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады», - делінген хабарламада.