Заңғар Нұрланұлы Ереванда өткен турнирдің абсолютті чемпионы атанды
Финалда ресейлік жұпты ұтты
Армения астанасы Ереванда 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors J30 TSAGHADZOR GOLDS'S GYM CUP 1 турнирінде 14 жастағы теннисші Заңғар Нұрланұлы абсолютті чемпион атанды, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Бұл ретте ол жекелей және жұптық сында тамаша өнер көрсетті. Финалда жарыстың бірінші ракеткасы, чехиялық Якуб Смычекті 7:5, 6:1 есебімен жеңді.
Заңғар дода барысында Аустрия жасөспірімдер құрамасы көшбасшыларының бірі Максимилиан Хейдельмайермен аса тартысты кездесу өткізді. Үш сетке созылған матчта қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды. Соңғы партияда қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Есеп – 6:0.
Заңғар Нұрланұлы Максимилиан Хейдельмайермен бірге жұптық сында, яғни финалда ресейлік Максим Колобов-Родион Малмыгин жұбын ұтты. Есеп – 6:7, 6:4, 10:6.
Бұл – Заңғар Нұрланұлының халықаралық теннис федерациясы өткізген жарыста жекелей сындағы екінші титулы.
Еске сала кетсек, бұған дейін 15 жастағы теннисші Әмір Омарханов та Грузияның астанасы – Тбилиси қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында өткен ITF Juniors J60 турнирінің абсолютті чемпионы атанған еді.