Эпилепсия және Паркинсон ауруы: қазақстандықтар Астанадағы нейрохирургия орталығында тегін емделе алады

Айнұр Шошаева

Орталықта 60 мың науқас емделген

Фото: Halyq Uni / Жансерік Күзембай

Қазақстанның барлық өңірінің тұрғындары Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында құны миллилон теңгеден асатын жоғары технологиялық оталарды тегін жасата алады. Орталықтың медициналық директоры Асылбек Қалиев қазақстандықтардың жоғары санаттағы дәрігерлерден қалай емделе алатынын түсіндірді, деп хабарлайды Halyq uni.

Оның айтуынша, орталық ашылған 2008 жылдан бері елімізде ондағы мамандар 60 мың науқасты емдеп, 40 мыңнан астам ота жасаған.

15 жылда елімізде бұрын-сонды қолданылмаған 70-тен астам жоғары технология енгізілді. Бұрын науқастарға ота жасату үшін шетелге баруға тура келетін. Осы орталық ашылғаннан кейін медициналық көмек қолжетімді болды. Қазіргі кезде науқастардың нейрохирургия бойынша жоғары технологиялық емді тегін алуға мүмкіндігі бар. Салыстырмалы түрде Еуропа, АҚШ елдерімен салыстырсақ, бізде емделу 10-20 есе арзан,  - деді ол журналистерге арналған баспасөз турында.

Сондай-ақ былтыр ұлттық орталықта мемлекеттік-әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 4 мыңнан астам пациент емделгенін атап өтті. Оның 15 пайызы жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып жасалған оталар. Биылғы жылдың 5 айында орталыққа медсақтандыру бойынша 1805 науқас емделді. Атап айтқанда ми тамырлары, омыртқалардың аурулары, стереотактикалық жүйкені қолдана отырып мидың нейростимуляторын имплантациялау, Паркинсон ауруы, эпилепсия және т.б. ауру түрлері.

Біз Денсаулық министрлігіне бағынышты мемлекеттік мекеме болып табыламыз. Жеке меншік клиника емеспіз. Бәлкім акционерлік қоғам болған соң ба, көбі біздің орталықты жекеменшік деп ойлайды. Орталықта емделу үшін науқастар алдымен өз бетімен консультацияға келіп, көмек ала алады. Егер науқасты орталыққа жатқызуға себептер болса, дәрігер қорытынды беріп, жатқызылатын күнін белгілейді. Еліміздің өңірлерінде тұратын науқастар үшін онлайн консультация беретін арнайы бөлім жұмыс істейді. Оған 6 мыңнан астам адам жүгінеді, профиліне байланысты ақпаратты бөлімшелерге бөледі. Егер себептері болса, орталыққа жатқызуға қорытынды беріледі. Науқас ол қорытындыны алған соң, тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, құжаттары порталға қойылады. Жатқызу күні автоматты түрде белгіленеді. Бұл адами факторды болдырмау мақсатында жасалды. Порталға қойылған құжаттар қабылданған соң, белгіленген күні науқас Астанаға келеді, - деп толықтырды сөзін Асылбек Қалиев.

Сонымен қатар, ол нейрохирургиялық орталықта емделетін науқастардың жасарып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Бұрын артериялардың тарылуы диагнозы 70 жастап асқан азаматтарда кездесетін. Қазір 20-25 жаста қатерлік ісікпен келіп жатқан жастар бар. Таяуда ғана 1973 жылы туған азамат артериялардың тарылуы диагнозымен ем қабылдап кетті. Оның факторлары өте көп. Менің ойымша өмір сүру дағдысы, экологиялық фактор рөл атқаруы мүмкін. Сондай-ақ диагностиканың қолжетімділігі де маңызды. 20 жыл бұрын жоғары технологиялық диагностиканы жасау мүмкін болмайтын. Қазір кез келген адам барып КТ мен МРТ жасай алады», - деді дәрігер.

Оның айтуынша, қазақстандықтар орталық көрсететін барлық емдеу қызметтерін тегін ала алады. Ол үшін медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуы керек.

«Біздің орталық Қазақстан азаматтарына МӘСМ шеңберінде тегін қызмет көрсетеді. Тек ол азамат медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуы керек. Өзі-өзі жұмыспен қамтушы азаматтың медициналық сақтандыру жүйесіне төлеп отырған сомасы оның алатын қызметінің құнымен салыстырғанда өте төмен. Мәселен, ми тамырына жасалатын отаның бір түрінің құны бір науқас үшін 4-6 млн теңгенің аралығында тұрады. Ай сайын 3 мыңнан сәл асатын соманы төлеп, қазақстандықтар құны бірнеше миллион тұратын жоғары технологиялық отаны жасатуға болады. Сол сияқты гамма пышақ технологиясы бойынша ота шетелдіктер үшін 1,5 млн теңге тұрса, МӘМС жүйесіне қатысатын қазақстандықтар үшін ол тегін», - деп қосты Қалиев.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Забира Оразалиеваның елімізде жоғары технологиялық операциялардың құны қымбат тұратынын атап өтті.

МӘМС-ке қатысып, сақтандырылған мәртебесі бар кез келген азаматтың өзі тіркелген емханадан жолдама алып, жоспарлы түрде портал арқылы емделуіне мүмкіндік бар. Жалпы жоғары технологиялық операциялар өте қымбат болып табылады. Былтырғы жылдың статистикасын қарайтын болсақ, 2 мыңға жуық жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Оның 1,5 мыңы МӘМС арқылы жасалып отыр. Биыл 500-ге жуық мұндай көмек көрсетілді, оның 400 сақтандыру жүйесінде көрсетілді, - деді ол.

Жалпы, 2022 жылы еліміздегі тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда қазақстандықтар 452,5 млрд теңгеге 1,9 млн жағдай бойынша емделген. Оның ішінде 1,5 млн жағдайға қызмет МӘМС есебінен көрсетілді.

Айта кетейік, жалпы Қазақстанда нейрохирургиялық оталардың қүны қымбат тұрады. Оның себебі оған қажетті материалдардың көбі шетелден әкелінеді. Ісіктерді алу отасы 1 млн теңгеге дейін тұрса, жоғары технологиялық оталардың ең арзаны 1 млн теңгеден басталады. Мәселен, Паркинсон операциясының құны 5 млн теңгеге дейін барады.

Сонымен бірге журналистерге гамма-пышақ аппараты таныстырылды. Бұл аппаратты ұлттық орталық оны 2021 жылы сатып алған. Ол сәуленің көмегімен қатерлік ісіктерге ота жасап, емдеуге мүмкіндік береді. Әзірге ол еліміздегі жалғыз аппарат.