Halyq Uni логотип
×

Үржар ауданында 2,6 млрд теңге жұмсалған су құбырлары толық тартылмаған

Жұмыс орындалып, бөлінген сома толық игерілді деген актіге қол қойылған

 Ая Өміртай 10.06.2023 | 14:24
Үржар ауданында 2,6 млрд теңге жұмсалған су құбырлары толық тартылмаған
Фото: Halyq Uni

Абай ауданы Үржар ауданында су құбыры желілерін салуда бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тапсырыс беруші «ШҚО Үржар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі Мақаншы ауылының су құбыры желілерін қайта жаңартуға жабдықтаушымен 2 582 151 277 теңге сомасына шарт жасасқан.

Сатып алу әдісі – өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған.

Әлеуетті орындаушы – «АСТАНАВОДСЕРВИС» ЖШС.

Белгілі болғандай, аталған келісім-шарт бойынша бүгінге дейін жұмыстар толықтай аяқталмай отыр. Яғни, Мақаншы ауылындағы су құбыры бірнеше көшелерде ғана жұмыс істеп тұр. Ал қалған көшелерде қазу жұмыстары әлі бітпеген.

Ең қызығы, Абай көшесі бойындағы су құбыры болмағандықтан реконструкция жүргізілмеген. Бұл көшеде жаңа су желілері салынған. Алайда келісім-шарт бойынша оны қайта құру ретінде тіркеген. Мұндай жағдайда жаңа құрылыс келісімшарты және басқа бюджетпен құрылыс салуға конкурс өтуі керек.

Ал ауылға су құбырлары толық тартылмағандықтан, жеке шаруашылықтар суға қол жеткізе алмай отыр.

Сондай-ақ, ауылдағы су қабылдағыш стансасының аумағында 6 көтергіш сорғы орнатылған. Мамандардың айтуынша, бұл осы ауылдың тұрғындары үшін шамадан тыс. Аудан орталығы Үржардың өзінде 3 көтергіш сорғының екеуі жұмыс істеп тұр. Ал Үржар қаласындағы халық саны Мақаншы ауылындағы тұрғындардан екі есе көп.

Осы орайда шағын ауылға алты бірдей сорғы орнатудың қандай қажеттілігі бар деген сауал туындайды. Егер аталған сорғылардың барлығы дерлік іске қосылмаған болса, бюджет қаражатын жымқыру, тиімсіз бөлу байқалады.

Сонымен қатар, жасалған келісім-шартта техникалық ерекшелік бөлігінде сметалық құжаттама мен нақты жұмыстарды беру орны қарастырылмаған.

Жұмыстар 2014 жылғы 06 қазандағы № Р39-14 Есептік құжаттама және зерттеу есебіне сәйкес, Абай, Қажымұқан, Жас-Қайрат, Талмурзин, Өгізбаева, Майлина, Дөненбеков, Сағынбеков көшелерінде жүргізілуі тиіс болған. Бұл жұмыстар 4 жыл бойы жүргізіліп, бөлінген сома толығымен игерілді деп, пайдалануға беру актілеріне қол қойылған.

Сонымен қатар, осы келісімге қосымша 5 келісім жасалғанын да айта кету керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама