«SCAT» компаниясы Пәкістанға әуе рейстерін ашады
Әуе кемелері аптасына 2 рейс жиілігімен ұшады
«SCAT» әуе компаниясы Пәкістанға жолаушылар рейстерін ашады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысының ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстер санын ұлғайту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Пәкістанның авиациялық билігімен бірлесіп және Пәкістандағы елші Е.С. Кистафиннің көмегімен «SCAT» әуе компаниясының Пәкістанға тұрақты жолаушылар рейстерін ашу мәселесін пысықтады.
Осылайша, биыл 8 шілдеден бастап «SCAT» әуе компаниясы Воеіng 737 үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі және сенбі) Алматы – Лахор бағыты бойынша тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр.
Қазақстан мен Пәкістан арасында әуе қатынасын ашу елдер арасындағы сауда - экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.