Астанада Мұсылман ақсақалдар кеңесінің өкілдігі ашылады
Тәуелсіз халықаралық ұйым 2014 жылы құрылған
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Астанада Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхамед Әбделсаламмен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мұсылман ақсақалдар кеңесі – тәуелсіз халықаралық ұйым. 2014 жылы құрылған институт мұсылман қауымдастығына бейбітшілік пен келісім құндылықтарын насихаттайды. Кездесу барысында министр Дархан Қыдырәлі Бас хатшы Мұхамед Әбделсаламды министрліктің жетекшілік ететін салаларымен қысқаша таныстырып өтті.
Бұған дейін тараптар Әбу Дабиде өткен толеранттылық тақырыбындағы форум кезінде де жүздескен еді. Сол кезде Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Қазақстандағы өкілдігін ашу жайын талқылаған. Нәтижесінде халықаралық ұйымның өкілдігі жуырда елордада өз жұмысын бастамақ.
Қазақстанға өзімнің бауырлас еліме деп, қашан да ерекше қуанышпен келемін. Қонақжайлықтарыңызға зор алғыс білдіремін. Еларалық өзара тиімді қарым-қатынасқа әдеттегідей ниеттіміз, – деді Мұхамед Әбделсалам.
Сондай-ақ жиында толеранттылық, дінаралық татулықты насихаттау және халықаралық деңгейде бірге жұмыс істеу мәселелері сөз болды.