Тұрғын үйге қарама-қарсы тұрған балабақша тәрбиешісі марқұмдардың жоғарғы қабаттан құлап бара жатқан сәтін өз көзімен көрген
Астанада жас келіншек баласымен бірге 12-қабаттың терезесінен құлап кетті. Сұмдық жағдай бүгін түс ауа сол жағалаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Әйел адам оқиға орнында тіл тартпастан кетті. Ал бала дереу ауруханаға жеткізілгенімен, ол да көп ұзамай бақилық болған. Полиция тергеуді бастады. Істің жай-жапсары әзірге белгісіз.
«9 маусымда сағат 14:19-да «102-ге» Сығанақ көшесінде 12-қабаттың терезесінен бала мен әйел құлағаны туралы қоңырау келіп түсті. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында ажал құшқан. Ал бала ауруханада қайтыс болды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, сараптама тағайындалды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды.
Оқиға куәгерлері бірден жедел жәрдем шақыртқан. Сол мезетте туысқандарынан сыртқа ешкімнің шықпағанына қарағанда үйде анасы мен баласы жалғыз болғанға ұқсайды. Тұрғын үйге қарама-қарсы тұрған балабақша тәрбиешісі марқұмдардың жоғарғы қабаттан құлап бара жатқан сәтін өз көзімен көрген.
«Біз әріптестерімізбен сабаққа дайындалып жатқанбыз. Ал мен қолыма кішкентай баламды көтеріп, терезеге қарап тұрғанмын. Жоғарғы қабаттан ауыр зат құлап бара жатқандай көрінді. Адам емес шығар деп ойладым. Есіктің алдына барып жақындағанда әйел адамды көрдік. Жалғыз емес. Қасында баласы болды. Қыз бала шамамен 2 жаста», - дейді оқиға куәгері Әйгерім Хамзина.