Түркістан облысының тұрғыны алимент төлемегені үшін қамауға алынды
Борышкер ақшаның жоқтығын айтып, сот актілерін орындамаған
Түркістан облысының Отырар ауданында алимент төлемей жүрген азаматтың ісі қаралды. Аудандық сот Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 669-бабы 1-бөлігімен әкімшілік істі қарап, борышкерден алимент өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот отырысында анықталғандай, борышкер сот шешімін орындамаған. Оның 2023 жылғы 31 наурызға дейінгі алимент берешегі 2 140 325 теңгеге жеткен.
Сотта құқық бұзушы өзінің кінәсін мойындап, тұрақты жұмыс болмағандықтан сот шешімін орындауға мүмкіндігі болмағанын, алдағы уақытта толық орындайтынын айтқан.
ӘҚБтК 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсi мен атқарушылық құжатты орындамаған адамға 5 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады немесе ол 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.
Сот қаулысымен борышкер ӘҚБтК 669-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.