Halyq Uni логотип
×

Петропавлда бизнесмендерге қамқорлық жасаған полиция бастығы 7 жылға сотталды

Ол кәсіпкерлерден жүйелі түрде ақша жинаған

 Дастан Жұмабекұлы 09.06.2023 | 16:16
Петропавлда бизнесмендерге қамқорлық жасаған полиция бастығы 7 жылға сотталды
фото: ашық дереккөз

Петропавлда полицияның екінші бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Руслан Шакиров кәсіпкерлерге қамқорлық жасап, олардан пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, ол қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде 7 жыл жазасын өтейді. Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметіне қарағанда, ол арнаулы атағынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына қол үзді.

Тергеу барысында жергілікті полиция қызметі бөлімшесі бастығының әкімшілік заңнаманы бұзушылардан жүйелі түрде ақша жинағаны дәлелденді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісовтың айтуынша, Руслан Шакиров 2021 жылғы қаңтар мен 2022 жылғы наурыз аралығында тиісті құжатсыз жарнама орналастырған жеке кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін және жалпы қамқорлығы үшін пара ретінде 50 мың теңге мөлшерінде ақшалай қаражат алған.

Сонымен бірге, бұрынғы полицей заңсыз сауда фактісіне көз жұма қарағаны үшін кәсіпкерден пара ретінде 193 мың теңге көлемінде ақша алған. Бұдан басқа, ақша төлеп, тәртіп сақшысының қамқорында болған екі адам – М.Насимов және Ж.Садуов заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін сотталды. Олар акциздік немесе есепке алу-бақылау маркаларымен таңбаланатын өнімдерді заңсыз сақтап, сатып келген, – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.

Қызметкерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін бірнеше полиция басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама