×

«Болашақ» бағдарламасына үміткерлер француз тілі курстарынан тегін өте алады

Тілдік дайындық Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы Француз Альянсының орталықтарында жүргізіледі

 Динара Амантай 09.06.2023 | 16:06
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Астана халықаралық форумы аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп, Францияның Қазақстандағы елшілігімен меморандумға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Келісімге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Францияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Дидье Канесс және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сәкенов қол қойды.

Келісім шеңберінде инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша оқуға түсетін «Болашақ» бағдарламасына үміткерлер француз тілін оқыту бойынша тегін курстардан өте алады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі, Халықаралық бағдарламалар орталығы және Қазақстандағы Франция Елшілігі арасындағы бүгінгі қол қойылған келісім шеңберінде отандық мамандар бір жыл мерзімге тегін француз тілі курстарын өтуге мүмкіндік алды. Бұл – тілді басынан үйренгісі келетіндер, сондай-ақ шет тілін меңгерудің кәсіби деңгейіне дейін білімін жақсартқысы келетіндер үшін тамаша мүмкіндік, - деді Саясат Нұрбек.

Тілдік дайындық Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы Француз Альянсының орталықтарында жүргізіледі.

Келісім шеңберінде Болашақ стипендиаттары үшін, атап айтқанда, инженер-техникалық мамандықтары үшін француз тілі бойынша тілдік даярлау бағдарламасы іске қосылады. Бұл француз жоғары оқу орындарына түсуге тіл деңгейін көтеруге мүмкіндік береді, - деді елші келісімге қол қою рәсімінде.

Конкурстық іріктеуге 35 жасқа дейінгі инженерлік бейіндегі жас мамандар қатыса алады. Энергетика, жаңа технологиялар және агрономия саласындағы мамандар басымдыққа ие болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама