×

Атырауда масамен күресуге бюджеттен 126 млн теңге бөлінді

Дезинсекциялық жұмыстар мамыр айында басталады

 Айнұр Асылбекқызы 22.04.2022 | 11:43
көрнекі фото: infopolk.ru

Биыл Атырауда масаны улауға бюджеттен 126 миллион теңге бөлінді. Былтыр да дәл осы сома бөлінген болатын. Масаға қарсы дезинсекция жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы әзірге анықталған жоқ. 

Атырау әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрислам Ғұмардың айтуынша, тендерді екінші рет жариялауға тура келген. Біріншісі өз уақытында - жыл басында жарияланған. Алайда үміткерлердің құжаттары талапқа сай келмегендіктен, сәуір айының басында оны қайта жариялауға тура келіпті.

Ай соңына дейін жеңімпаз анықталып, мамыр айында жұмыстар басталады, – дейді Нұрислам Ғұмар.

Еске салсақ, 2017 жылы Атырауда масамен күресуге - 52 млн теңге, 2018 жылы 114 млн теңге, 2019 жылы 127 млн теңге бөлінді. 2020 жылы 3 айға 65 млн теңге бөлініп, сол кезде тендерді басқа қатысушылармен салыстырғанда ең үнемді (38 млн теңге) ұсыныс жасаған «AG Dezinfection Services» ЖШС жеңіп алған еді. Екінші жартыжылдықта дезинсекцияға тендер өткізілмей, үнемделген 27 миллион теңгеге масаларды улау жұмыстары жүргізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама