Өрт ошақтарына әуеден 55 рет су төгілді
Абай облысындағы орман өртінің ауданы 30 мың гектарға жетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазір өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 600-ден аса адам, 168 техника жұмылдырылған.
Орман шаруашылығы комитетінің ақпаратына сәйкес, өрт ауданы 30 мың гектарды құрайды. Сөндіру жұмыстарына 6 тікұшақ тартылды. Өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына су ағызу іске асырылып жатыр. Өрт ошақтарына әуеден 55 рет су төгілді. Жалпы көлемі 154 тоннаны құрайды.
Министр Абай облысындағы өртке және өртті сөндіруге тартылған күштер мен құралдарды үйлестіру қажеттілігіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын тоқтатты. Ол ТЖМ дағдарыс жағдайында басқару орталығындағы штабты жеке өзі басқарады.
«Қазгидромет» АҚ-ның 9 маусымдағы деректері бойынша, күндіз облыстың солтүстігінде, батысында қысқа мерзімді жаңбыр, найзағай күтіледі. Батыстан жел соғады, күші – 9-14, күндіз облыстың солтүстігінде, батысында 15-20 м/с. Ауа температурасы түнде +15-20 градус, облыстың оңтүстігінде +23 градус, күндіз +29-34 градус жылы, облыстың оңтүстігінде +38 градус қатты ыстық болады деп күтіледі.